Официальный сайт
Республиканского общественного объединения
"Совет Генералов"

Генералы Великой Степи

oblozhka.png - 226.15 KB

Энциклопедический справочник

Читать энциклопедический справочник

Видео

Архив

Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаев мырзаға Ашық хат

 

 

Қазақстан Республикасының Президенті

Қ.К.Тоқаев мырзаға

 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Фашисттік Германияны тізе бүктірген Ұлы Жеңістің 75-жылдығы жақындаған сайын «Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды» деген қағидаттың мән-маңызы арта түскендей. Қазіргі ұрпақ ата-бабаларының ерен ерлігіне тағзым етеді, есіл ерлердің есімдерін қастер тұтады, зерттеушілер шаң басқан архив құжаттарын ақтарып, жаңа мәліметтер мен тың деректер табуда. Ұлы Жеңістің сан қатпарлы тарихы осылай толыға түсуде.

Бұған Ресей Федерациясы жақсы мысал бола алады. Жыл сайын  9 мамырда Президент Жарлығымен елді мекендерге «Қаһарман даңқы» құрмет белгісі берілуде.

Жеңіс мерейтойы қарсаңында көп жылдар бойы назар аударылмай келе жатқан мына бір дерекке Сіздің назарыңызды аударғымыз келеді. Халық жадындағы осы бір дерекке қатысты тарихи әділдік орнатуымызға міндеттіміз.

Кеңес Одағы Қорғанысының Халық комиссары И.В.Сталиннің 1941 жылғы 26 қарашадағы  №0444 Қаулысымен  Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Казталов, Орда (қазіргі Бөкей ордасы) мен Фурманов аудандары Сталинград әскери округінің құрамына енгізілді. Осыны негізге ала отырып, біз, батысқазақстандықтар Ұлы Отан соғысы өткен аумақ танылуымызға толық құқылымыз.  Аталмыш аумақтың жергілікті тұрғындары сол зұламат күндердің ызғарын анық сезді, ауыртпалдығын бір кісідей көтерді.

И.В.Сталин белгілеген басты міндет ­­- жау әскерін Еділден әрі асырмау, қасық қан қалғанша Сталинградты қорғау еді. Біздің жерлестеріміз алдыңғы шептегі әскерлермен бірге осы міндетті мүлтіксіз орындады.

1942 жылдың 12 тамызына бастап жау ұшақтары Шоңай теміржол стансасын – 24, Сайқын – 36, Жәнібекті – шамамен  40 рет бомбалады. Нәтижесінде 300-ден кем емес бейбіт тұрғындар мен әскерилер қаза тауып, 250 адам түрлі деңгейде жараланды.  Тек Жәнібек пен Орда аудандарына келтірілген материалдық шығын  7161,7 мың рубльді құрады.

Соғыстың алғашқы күндеріндегі жау бомбасының негізгі нысанасы Саратов теміржол стансасы бойымен жалғасатын жерасты мұнай құбырларының құрылысы еді. Шоңайда мұнай айдау стансасы салынып, пайдалануға берілген еді. Сталинград майданына қару-жарақ, жанармай, азық-түлік пен медициналық керек-жарақтар, киім-кешектер осы аудандар аумағындағы теміржолмен тасымалданған еді. Осы себепті де   Орда мен Жәнібек аудандары жау бомбасының астында қалды.

1942 жылы Сайқын стансасында Сталинград майданынан шыққан 196-Гатчинск атқыштар дивизиясының жаралы жауынгерлерін тасымалдаған санитарлық пойызды жау ұшақтары бомба астына алды.

1984 жылы қаза тапқан әскерлердің қаңқалары табылып, бауырластар зиратына жерленді. 2019 жылы Равнинный разъезді маңындағы теміржол бойынан 74-теңіз атқыштар бригадасы әскерлерінің қаңқалары табылып, жерленді. Сталинградтық «Красный Октябрь» мен «Баррикада» зауыттарының жер аударылған жұмысшыларының отбасылары да жау бомбасынан жер құшты. Жергілікті тұрғындардың күшімен жерленіп, белгі қойылды.

Жәнібек ауданында 8-әуе әскери армиясының резервтік штабы болды, запастағы әскери аэродром,  57-әуе және 1-танк бөлімдерінің қару-жарақ және азық-түлік қоймалары салынды. Аудан орталығындағы мектептердің үш ғимаратында әскери госпиталь жасақталды.

1942 жылы партияның аудандық комитетінің орасан зор қолдауының арқасында аудан аумағында аэродромдар жедел салынып, 8-әуе әскері бөлімінің орналасуына тиісті көмек көрсетілді.

8-әуе әскерінің саяси жұмыс жөніндегі басшының орынбасары генерал-майор Вихарев Батыс Қазақстан облыстық Б(б)ПК-ына және 8-әуе әскерінің басшылығына жасаған мәлімдемесінде Жәнібек аудандық комитетінің қолдауына ризашылығын білдірген. Сталинград және Оңтүстік майдандағы бөлімдердің жұмысына ықпалдастықтары мен ерен ерліктері үшін рақметін айтқан еді.

Шоңай және Сайқын стансаларында зенитка батареялары орнатылып, әуе полктері, санитарлық-әскери қамтамасыз ету бөлімдері орналастырылды. Орда ауылында ұшқыштар және әскери қызметкерлер  даярлайтын Нальчик әскери училищесі орналасты, жергілікті тұрғындар қатарынан саннұсқаушылар мен мергендер даярлау курстары жүргізілді.

Он алты жастағы мектеп оқушылары –комсомолдардан құралған әскери штаб әскери пойыздарды нысана қылған жау ұшақтарын шатыстыру үшін  жалған аэродром құрастырды.

Шоңай­ ­– Сайқын – Жәнібек  теміржол стансаларын 7 зениттік бронепойыз, 629, 731 және 788 -жойғыш әуе полктері,  21 жау ұшағын атып түсірген, бұдан басқа 3 жау ұшағын жойған 102-ПВО жойғыш авиациялық дивизия қорғады.

Жәнібек аспанын қорғауда ұшқыш-курсанттар Д.Гудков пен С.Танов Гастелло ерлігін қайталады.  

Жәнібек және Орда аудандарының чекисттері 1942 жылдың қыркүйегі мен 1944 жылдың мамыры аралығында Жәнібек – Сайқын – Шоңай теміржолы желісін жаруға бекінген диверсант-парашютисттер тобымен қарулы қақтығыстарда ерлікпен әрекет етті.

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек мен Бөкей ордасы аудандары – Кеңес Одағының Батырлары Ерденбек Нетқалиев, Николай Чуриков, Мәншүк Мәметова, Ахмедияр Құсайынов, Темір Масин, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың және басқа да толарсақтан қан кешіп, Отан қорғауда ерен ерлік көрсеткен ұл-қыздардың кіші Отаны.

Жәнібек ауданынан 3602 адам майданға алынса, соның 2341-і ұрыс даласында қаза тапты. Орда ауданына әскер қатарына шақырылған 4613  адамның 3028-і туған елдеріне оралған жоқ.

Ұлы Жеңіске тылдағы еңбегі өлшеусіз үлес қосқан аға буын да үлкен құрметке лайық.

Фашисттер басып кірген аумақтан жер аударылған еврей мен неміс отбасылары Жәнібек ауданының елді мекендеріне орналастырылды. Жаппай көшірілген көппен бірге  Воронеж, Ворошиловград, Ростов, Сталинград облысы мен Қалмақ АССР, Краснодар мен Ставрополь аймағының кеңшар мен ұжымшарларынан  87 300 бас ірі қара,  439 100 бас қой мен ешкі,  24 600 бас жылқы, 1700 бас түйе айдалып әкелінді. Жергілікті атқару комиететі мен аудан тұрғындары осы көшіп келген қауым мен малды орналастыру, оларды үй-жай, азық-түлікпен, малын жем-шөппен қамтамасыз ету шараларын ұтымды ұйымдастырды. Кейін жау басып алған аумақтар азат етілгеннен соң жер аударылғандардың өз Отандарына аман-есен оралуына жағдай жасады.

Жәнібек ауданының тұрғындары 1941 жылдың желтоқсанына дейін Сталинград майданына 346 бас ірі қара, 4 590 келі ет, 164 келі ұн, 556 келі сары май, 155 дана қысқа тон, 350 кеудеше, 600 жұп байпақ, 1 041 дана қолғап,  1 165 дана бас киім,  423 жылы шалбар,  4340 келі жүн,  42 500 рубль ақшалай, 124 920 рубль сомада мемлекеттік займ жіберген.  

Орда ауданы 1942 жылдың аяғына дейін 4 592 келі ет, 360 келі сары май,  3 610 келі ұн,  245 дана құс (ет түрінде),  киім-кешек, махорка, 23 млн.рубль ақшалай жіберген.

Ростов облысына 100 шақты ірі қара, Украина, Донбасс, Сталинградқа екі ай ішінде «танк колоннасына» деп 5 млн.300 мың рубль жинап, жіберген екен.

1942-1943 жылдары майданға мұндай көмек бірнеше мәрте көрсетілді.

Кеңес Одағы Халық комиссариатының Қаулысымен 1947 жылдан бастап, жиырма жылдай үздіксіз Ұлы Отан Соғысы кезінде зардап шеккен аудандарды қалпына келтіру үшін арнайы қаржы бөліп келді. Кеңес Одағының басшылығы әскери ұрыс әрекеттері Еділден асқан жоқ деген ұстанымды басшылыққа алды. Бұл тұжырым бойынша қазақстандық аумақ майдан даласы болған жоқ, яғни, әскери ұрыс амалдары орын алмады. Осы себепті, Жәнібек пен Бөкей ордасы Ұлы Отан Соғысы тарихына енгізілген жоқ.

Президент мырза! Жоғарыда айтылған тарихи деректерді негізге ала отырып, тарихи әділдікті қалпына келтіруге және Батыс Қазақстан облысының Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарына «Қаһарман аудан» құрмет атағына беруге ықпал етуіңізді өтінеміз.

 

Құрметпен, және тапсырмасы бойынша:

 

«ҰОС ардагерлері, тыл еңбек ардагерлері мен соғыс балалары кеңесі» ОФ;

Жәнібек ауданының ардагерлері;

Бөкей ордасы ауданының ардагерлері;

Батыс Қазақстан облысының ардагерлері  атынан

 

 

«Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің

Президиум төрағасының уақытша міндетін атқарушы

генерал-майор                                                                      Телегусов М.У.

Нас поддержали