Официальный сайт
Республиканского общественного объединения
"Совет Генералов"

Генералы Великой Степи

oblozhka.png - 226.15 KB

Энциклопедический справочник

Читать энциклопедический справочник

Видео

Архив

Даңқ залындағы қола мүсін

Даңқ залындағы қола мүсін

Жуырда Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласындағы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы орталық музейінің» Даңқ залында Кеңес Одағының Батыры, әскери қайраткер, армия генералы, Қазақстан Республикасының  тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің қола мүсінін тапсыруға арналған салтанатты шара өтті.

Музейде әскери қайраткерлер, маршалдар мен генералдар, төрт, үш және екі мәрте Кеңес Одағы Батырларының мүсіндері орналасқан. Салтанатты шараны РФ әскер басшылары клубы аппаратының жетекшісі Николай Дерябин ашып, соғыста кіші лейтенант шенінде взвод командирі болып, жеңісті батальон командирі лауазымымен қарсы алған қазақтың даңқты ұлы Сағадат Нұрмағамбетовтің өмірбаянымен көпшілікті таныстырып өтті.

Одан соң залды кезекпен Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының жүректі тербер Әнұрандары кернеді.

Салтанатты шара барысында Сағадат Нұрмағамбетовтің өмір жолынан сыр шертер «Долг. Честь. Подвиг» фильмі көрсетілді.

— Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің көзі тірі болса, осы жылдың 25 мамыры күні 93 жасқа толар еді. Бүгінгі бас қосуымыз батырдың туған күніне тұспа-тұс келіп тұр. Қазақстан Республикасының елшілігі атынан соғыс ардагерлерінің атын ұлықтап, олардың есімдері ел есінде сақталуы үшін бар ынтасымен жұмыстанып жүрген РФ Әскери-тарихи музейінің ұжымына алғыс білдіремін. Бүгінгі мейрам жас буынға қажет, — деді Қазақстан Республикасының Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі Дәурен Дияров.

«Генералдар кеңесі» РҚБ төрағасы, әділет генерал-майоры, профессор Рүстем Қайдаров «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы орталық музейіне» Сағадат Нұрмағамбетовтің мерейтойлық медалі және қаһарман бабамыздың өр бейнесі сомдалған мүсіннің акт сертификатын, құжат көшірмелерін табыстады. Ал екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Сергей Грицев атындағы «Жеңімпаз» қоры директорының міндетін атқарушы Петр Чуйко өз кезегінде әйгілі ұшқыштың шағын мүсіні бейнеленген естелік сыйлық пен сертификатты Рүстем Есімханұлына ұсынды. Сондай-ақ Рүстем Есімханұлы осы шараны ұйымдастыруда белсенділік танытқан бір топ ресейліктерге Кеңес Одағының Батыры және Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің мерейтойлық медальдары мен Құрмет грамоталарын табыс етті. Салтанатты шарада Ұлы Отан соғысы тақырыбын зерттеп жүрген осы жолдардың авторы да батыр атамыздың мерекелік медалімен марапатталғанын мақтанышпен айта кетсек, артық болмас.

КСРО тарихында 72-інші болып ғарышқа ұшқан, қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш ғарышкер, авиация генерал-майоры, ғарыш сапарына дейін де Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров тебірене сөйледі.

— Еліне аянбай еңбек етіп жүрген, өз Отанының патриоттары шоғырланған ортада сөз сөйлеп тұрғаныма қуаныштымын. Қазақ халқы атынан осы ескерткіштің бой көтеруіне үлес қосқан баршаңызға, соның ішінде орталық музей қызметкерлеріне алғыс айтамын. Міне, қазақ ұлының ерлігін ұлықтап, екінші мәрте ескерткіш орнатып отырсыздар. Талғат Бигелдинов пен Сағадат Нұрмағамбетов – қазақ халқының мақтан тұтар ұлдары. Бұлар арды, адалдықты, парызды биік қойып, елінің ілгері аяқ басып, гүлденуіне өмірлерінің соңына дейін тер төккен азаматтар. Сағадат Нұрмағамбетов тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы атқан шақта қазақ әскерінің бой көтеріп, жасақталуына үлкен үлес қосқан еді. Оның біліктілігі, тәжірибесі мен ерен еңбегі қазақ армиясының дамуына сеп болды. Бүгінгі таңда қазақ халқы, Қазақстан Республикасының Қарулы күштері батыр ұлдарымен мақтана алады. Маған осындай азаматпен жұмыстас болу бақыты бұйырды. Сағадат Қожахметұлының адалдығы мен қарапайымдылығын көзім көре қалды. Ол тіпті қарамағындағы әскери адамдардың барлығының аты-жөнін жатқа білетін. Бұл қасиеті оның адамгершілігі бар азамат екенін дәлелдейді.

Сағадат Қожахметұлы ел есінде мәңгі сақталады. Музейді аралап жүріп, елі үшін қыршынынан қиылған қазақ батырларының аты-жөндерін көргенде толқыдым. Олар бейбіт күнге жете алмады. Әйтсе де бүгінгі ұрпақ оларды ешқашан ұмытпайды, — деді ол.

— Бұл музейді алғаш көргенде үлкен ынта-ықыласпен салынғанын байқадым. Әкеміз ескерткішінің ірі орталыққа қойылуына ұйытқы болған «Генералдар кеңесі» РҚБ және осы музейдің ұжымына алғысымыз шексіз, — дейді батырдың ұрпағы Айсұлу Сағадатқызы.

«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Орталық музейінің» директоры Александр Школьник, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Сергей Грицев атындағы «Жеңімпаз» қоры директорының міндетін атқарушы Петр Чуйко, генерал-полковник Владимир Шумов, генерал-полковник Леонтий Шевцов, генерал-лейтенант Вячеслав Борисов сынды әскери қайраткерлер Сағадат Қожахметұлы туралы естеліктерімен бөлісті.

Александров атындағы ансамбль әншісі Валерия Курнушкина «Катюша», танымал әнші Татьяна Полтавская Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» және «Көзімнің қарасы», екі мәрте «Айбын» және екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері, полковник, ауған соғысының ардагері Валерий Матвеев «Журавли», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, композитор Шәміл Әбілтай «Сын народа» әнін орындап, көпшілік көңілін бір серпілтті.

Біз үшін қуанышқа толы болған осы шараға РФ Мәскеу қаласындағы Генералдар штабы академиясында оқып жүрген бір топ қазақстандық және африкалық сардарлар, Ресей елінде оқып жүрген қазақстандық студенттер, Мәскеудегі қазақ диаспорасының өкілдері арнайы келіп қатысты. Аталмыш музейде қазақтың қайсар да қаһарман ұлының мүсінінің орын алуы «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің жемісті жұмысының нәтижесі екенін айтып өткеніміз жөн.

Доступен по ссылке: http://oraloniri.kz/?tag=janibekaudani

Нас поддержали